«Астана Тазалық» жүргізушісі қала тазалығы жайлы айтты
Астанадағы көшелердің тазалығын күн сайын коммуналдық қызметкерлер қамтамасыз етеді. Солардың бірі — «Астана Тазалық» ЖШС-нің арнайы техника жүргізушісі Нұржан Өтеген. Ол әр ауысымда вакуумдық көлікпен қаланың негізгі көшелерін аралап, бордюр бойына жиналған жапырақ пен қоқысты жинайды.
Нұржан Өтеген мамырдан қазан айының ортасына дейін шаңсорғыш көлікті жүргізеді, ал қар түскеннен көктемге дейін Mercedes-Benz Schmidt қар тазалайтын техникасына отырады. Арнайы қондырғылары көп мұндай техникаларды жақсы меңгергені және жұмысына жауапкершілікпен қарайтыны үшін ол Астананың маңызды аудандарының бірі — Есіл ауданындағы көшелерді тазалауға бекітілген.
Оның жұмыс күні таңғы 7:30-да басталады. Алдымен медициналық тексеруден өтіп, қай көшелерді тазалайтыны туралы жолдама алады. Содан кейін таңғы 8:00-ден кешкі 20:00-ге дейін төрт көшеде жұмыс істеп, бордюр қуыстарына жиналған жапырақтар мен қалдықтарды щеткамен сыпырып, вакуум арқылы бункерге жинайды. Бір көшені тазалауға шамамен 1,5 сағат кетеді, содан кейін ол қоқысты арнайы орынға төгіп, көлігін тазалап, келесі учаскеге шығады.
Жүргізушінің айтуынша, әр ауданға төрт техникадан бөлінеді. Оның екеуі «Бәйтерек» монументі мен Ақорда маңындағы басты көшелерді, ал тағы екеуі ЭКСПО аумағын тазалайды. Әр көшеден орта есеппен 1–1,5 текше метр қоқыс шығарылады. Техниканың бункеріндегі 87 ат күшіне ие жүйе іске қосылғанда, щетка жиектас бойындағы қоқысты шахтаға бағыттап, вакуум оны бункерге тартып алады.
Ол өзіне бекітілген көліктің техникалық жағдайын да тұрақты бақылап отырады. Ақау байқалса, алдын ала механиктерге хабарлайды, ал тазалығына өзі жауап береді. Көшені тазалау кезінде техника сағатына 10–15 шақырым жылдамдықпен баяу қозғалады. Нұржан Өтегеннің сөзінше, мұндай қарқынмен ұзақ уақыт жұмыс істеу де үлкен төзімділікті талап етеді.
Жұмыс ауысымы күндізгі және түнгі кестемен жалғасады: екі күн күндіз істегеннен кейін ол түнгі ауысымға шығады. Кешкі сегізден таңға дейін жұмыс істеп, кейін үйіне барып демалады. Оның айтуынша, мұндай режимге отбасы да үйренген, ал түнгі ауысымнан кейін тынығу міндетті.
Нұржан Өтеген — бес баланың әкесі, жұбайы аспаз болып жұмыс істейді. Жазда түскі асын өзімен бірге алып шығып, көлігінде ішеді, ал қыста жұмыста тегін тамақ беріледі. Еңбек шартына сәйкес, айына төрт рет күтпеген жағдайларда жұмыстан сұрануына мүмкіндік бар. Оның табысы тұрақты, ал балалары жыл сайын мекеме жолдамасымен лагерьге барады.
Ұжымда жауапкершілігі мен тиянақты еңбегі үшін ол бірнеше рет марапатталған. Нұржан Өтеген Астананың тазалығы бәрі үшін маңызды екенін айтып, қала тазалығын сақтауға шақырды.



